29.04.2020

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу қабылдайтын тұлғаға сыйлық беруге тыйым салынбақ


НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғаларға кез келген құны бар сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынбақ. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Об этом сообщает Преступная Россия

Ол бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Құжатта түзетулердің 3 блогы қарастырылған.

«Бірінші блок — сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша тетіктерді енгізуге бағытталған. Атап айтқанда, Азаматтық кодекстің ерекше бөлімінде сыйға тартушының пайдасына іс-әрекеттері үшін өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғаларға кез келген құны бар сыйлықтар сыйға тартуға тыйым салу ұсынылады. Азаматтық кодекстің «Сыйға тарту» атты 509-баптың қолданыстағы редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құны 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлықтарды сыйға тарту мүмкіндігіне жол беріледі. Осыған байланысты Конституциялық кеңес 2018 жылғы 5 маусымдағы өзінің Жолдауында аталған бапты қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру қажеттігін тікелей көрсетті», — дейді төрағаның бірінші орынбасары.

Оның атап өтуінше, екіншіден, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады.

Үшіншіден, мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген міндеттерді атқаруға байланысты лауазымға үміткер болып табылатын тұлғалар үшін ұйымның басшылығын осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары туралы жазбаша нысанда хабардар ету міндеттемелері енгізіледі.

«Төртінші, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға, сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі шешімдер қабылдауға жауапты квазимемлекеттік сектор субъектілерінің дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазым атқаратын уәкілетті қызметкерлерін сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу ұсынылады. Бесінші, квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілуде», — дейді Олжас Бектенов.



Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/sybaylas-zhemkorlykka-karsy-shekteu-kabyldaytyn-tulgaga-syylyk-beruge-tyyym-salynbak_a3644081”

Scroll to Top